Рекламный блок

Здесь может быть ваша реклама!
Главная » 2-КУРС » Философия

Ежелгі Қытай философиясы
Размер файла: [36.3 Kb] Формат файла: . 04.08.2013, 13:01
Скачать
Жоспар

I. Кіріспе
II. Негізгі
1. Ежелгі Қытай философиясы
2. Көне Қытайдың негізгі философиялық ескерткіштері
3. Көне Қытай философиясының негізгі ұғымдары
4. Көне Қытай философиясының негізгі өкілдері
III. Қорытынды
IV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе
Жер бетіндегі алғашқы мемлекеттердің бірі – ежелгі Қытай елінің тұрғындары - ерекше материалдық және рухани мәдениетті жасаушылар болды. Олар өмірді - құдайдың табиғаттан тыс күштерінің сыйы екндігіне кәміл сеніп, дүниедегінің бәрі де ұдайы қозғалыста болады және жарық пен қараңғылық атты бір – біріне қарама – қарсы екі космостық күштердің өзара қақтығысының әлем ұдайы өзгерістерге ұшырап отырды деп санады. Көне заманда қытайлықтар жер жүзіндегі басқа да халықтар сияқты табиғат күштеріне, яғни жердің, күннің, айдың, таулардың, өзендердің, желдің, жаңбырдың және т.б. рухына табынды және олардың құрметіне құрбандықтар шала отырып, халықтың қажеттілігіне байланысты игі өтініштер жасады.
Кейіннен қоғамдық өмірде болған өзгерістерге байланысты патша билігін дәріптеушілік пайда болды. Патша «аспанның ұлы» деп танылып, ол- құдайдың жер бетіндегі өкілі ретінде мойындалды. Б.з.б. ХІІІ ғ. Бастап – ақ бұрын тек қана «жоғарғы құдайды» белгілеуге арналған иероглифтермен жаңа патшаларды да белгілей бастады. Бұл дәстүрлі наным-сенімнің негізінде адам өлгеннен кейін де оның жаны өмір сүруін жалғастыра береді, тіпті ол тірілердің істеріне араласа береді деген ұғым жатыр. Қытайлықтардың бұл қағидаларға кәміл сенгендігі соншалық, олар өлген уақытта адамдар мен құлиеленушілердің қызметшілерін, құлдарын, тіршілікте пайдаланған заттарын (қару-жарақтарын, әсемдік бұйымдарын және т.б.) қоса көмдірген.
Б.з.б. бір мың жылдықтың ортасында Қытай елінде кейінен философиялық бағыт қалыптасты. Олар: даосизм, Конфуций ілімі және Үндістанда пайда болып кейіннен Қытайға кеңінен тараған - буддизм. Бұл ілімдердің Қытай мәдениетінде алатын орны өте зор және осы заманға дейін қытайлықтардың қоғамдық өмірінің барлық жақтарына өз ықпалын сақтауда.

Ежелгі Қытай философиясы
Біздің заманымыздан бұрын VIII—VI ғасырлар аралығында қазіргі Қытай мемлекетінің жерінде құлдық қоғам толық қалыптасқан. Мифологиялық дүниетанымның орнын философиялық ілімдер ала бастайды. Олардың барынша гүлдену кезеңі Хань династиясына сәйкес келеді (б.ж.с.д. 207ж.-б.д.220 ж.). Зерттеушілер бұл кезенді «гүлденген жүз философиялық мектептің өзара тартысы» деп атаған. Мысалы, Хань дәуіріндегі тарихшы Сьма Тань (б.ж.с.д. 110 ж. қайтыс болған) солардың ішінен алты философиялық бағыттарды атап көрсеткен:
1. Инь және Ян мектебі.
2. Конфуций мектебі немесе әдебиетшілер.
3. Моистер мектебі.
4. Атаулар мектебі.
5. Заңгерлер мектебі.
6. Күш пен жол мектебі (дао цзя).
Осылардың алғашқысы, яғни Инь және Ян мектебі өз бастауын «Өзгерістер кітабынан» (б.ж.с.д. VII-VII ғасырда) алады. Бұл кезең мифологиялық дүниетанымның тарих сахнасынан көшіп, философиялық көзқарастарға орын босата бастаған кезі болатын.
Инь және Ян - әлемнің бастауында тұрған мәндер. Бірақ олар туралы ілім дуалистік сипатта емес, себебі барлық болмыс ол екеуінің біртұтастығы арқылы ғана бар бола алады. Демек, олар диалектикалық бірлікте болатын қарама-қарсылықтар. Инь және Ян қағидалары аспан мен жер, ұрғашы мен еркек арасындағы қатынастармен тығыз байланысты, әрі олардың дамуына нұсқайды. Белсенділік көбіне Янға тән болады да, Инь енжарлық танытып отырады. Бірақ олардың бірлігі - диалектикалық дамудың көзі. Нәтижесінде заттар мен құбылыстар өзгерістерге ұшырайды. Мұндай өзгерістер адамдарға да қатысты болады. Аспан, жер, адам - бұлар үшкілдік бірлікте белгілі бір даму жолымен (дао) тіршілік кешеді.
Екінші мектеп Конфуцийдің атымен тығыз байланысты. Конфуций (қытайша Кун Цю, Кун Чжунни, ал әдебиетте көбінесе Кун-цзы, ұстаз Кун деген атпен белгілі) б.ж.с.д. 551 79 жылдары Лу патшалығында өмір сүрген. Ол кедейленіп қалған ақсүйек әскербасының семьясында дүниеге келді. 22 жасынан бастап ұстаздық жұмыспен айналысты, атағы бүкіл Лу патшалығына жайылды. Конфуций мектебінде, негізінен, төрт пәннен дәріс оқытылатын. Олар – тіл, ахлақ, саясат және әдебиет. Конфуций елу жасында Лу патшалығында көрнекті саяси қайраткерге айналды. Алайда, сарай төңірегіндегі саясатшылардың жаласынан он үш жыл бойы ел аралап қаңғырып кетуге мәжбүр болды. Бірақ та басқа Қытай мемлекеттерінде оның жаңа ілімі ешқандай қолдау таппады да, 484 жылы туған Отанына қайта оралған еді. Конфуцийдің ілімі туралы оның шәкірттері жазып қалдырған «Лунь юий» («Сұхбаттар мен пікірлер») атты еңбектен мағлұмат аламыз. Онда Конфуцийдің ойлары мен тұжырымдары, қағидалары мен пікірлері жинақталған. «Лунь юий» - біздің заманымызға дейін сақталған бірден-бір мәдени ескерткіш.
Конфуций өзіне, ұрпақтарына және шәкірттеріне арнайы бөлінген қорымға жерленген, оның тұрған үйі қазіргі кезде атақты ғибадатханаға айналған.
Конфуций ілімінің ерекшелігі сол, ол адамгершілік мәселелерін бірінші кезекке қойған. Ал рух, аспан денелерінің қозғалу заңдылықтарына еш көңіл бөлмейді. «Өмірдің не екенін білмей жатып, өлімнің, рухтың не екенін қайдан білейік», — деген екен ол. Алайда, көкті пір тұтқандығы ақиқат, көк тәңірісіне құрбандық шалуды оған деген адамдардың көрсеткен құрметі деп түсінген. Кейіннен Қытайдың «аспан асты империя» деп аталуына да осы ұғым өз әсерін тигізген сыңайлы.
Жоғарыда айтылып өткендей, Конфуций өз ілімін адамға бағыттаған. Ол - алғаш рет адамның кісілік тұлғасы туралы ой қозғаған философ. Үлгі тұтуға жарайтын ер адамның адамгершілігі (жэнь), үлкенді сыйлауы (сяо), әдет-ғұрып, дәстүрді құрмет тұту (ли) жоғарғы дәрежеде болуы тиіс. Адам тумысынан жаман болып тумайды, оны жаман да, жақсы да қылатын өскен ортасы. Конфуций мемлекетті де үлкен отбасы деп түсіндірген. Оның ілімі, жалпы алғанда, үстем таптың мүддесін қорғады, құлдықты сөкет көрмеді, сондықтан да ұзақ жылдар бойы мемлекеттік ресми идеологияға айналып, Қытайдағы қоғамдық өмірдің барлық салаларына өз әсерін тигізді.
Конфуцийдің қазасынан кейін оның ілімі сегіз тармаққа бөлініп кетті. Олардың ішіндегі ең негізгілері идеалистік бағыттағы Мэн-цзы мектебі мен материалистік бағыттағы Сюнь-цзы мектебі. Бұл екі бағыт та Конфуцийдің шәкірттері Мэн жэне Сюньнің аттарымен аталады. Мэн-цзы Конфуций ілімдерін жинақтап, бір жүйеге түсірумен ғана айналыспаған, сонымен қатар, жаңа ойлармен толықтырьш отырған.
Мысалы, «адамның табиғаты тек жақсылықтан жаратылған» деген қағида Мэн-цзы философиясының негізгі өзегі болып табылады.
Сюнь-цзы Конфуций іліміне материалистік нышан енгізген. Әлемнің негізі материалдық күш (ци) және оның екі түрі болады (инь жэне ян). Әлем өзінің табиғи заңдылықтары арқылы өмір сүреді, көк тәңірі - әлемнің құрамдас бөлігі ғана, оны зерттеп, сырын ұқса адамдардың мақсат-мүдделеріне пайдалануға болады, Бақытты, бақытсыз болу, сау немесе ауру, бай немесе қайыршы болу адамдардын өзіне ғана байланысты. Бұл тұжырым Абайдың ауруды жаратқан Құдай, бірақ нақты адамды ауру қылған Құдай емес; байлық кедейлікті жаратқан Құдай: бірақ белгілі бір адамды бай немесе кедей қылған Құдай емес, адамның бақытты яки бақытсыз болмағы өзінен дейтін ойымен үндесіп жатыр.
Тек тәрбиелеу жұмысы арқылы адамгершілікке баулып, адамның ежелгі табиғатын өзгертуге болады. Өмір бойы өзін-өзі жетілдіруте құлшыну - адамдық парыз. Қытай қоғамдық өмірінде Сюнь-цзы философиясы да көрнекті орын алған. Әсіресе, оның мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жөніндегі тұжырымдары күні бүгінге дейін өз манызын жоймақ емес, өйткені, бұл мәселеде бірінші кезекте халықтың мақсат-мүддесін ойлау керек, мемлекеттік іс-шараларды мейірбандықпен жүзеге асыру керек деген қағидалар шынымен де қандай болмасын ілімнің құнын арттыратыны сөзсіз.
Конфуцийдің ілімі Қытай қоғамы үшін талай ғасырлар бойы ресми ой-саналық қызмет атқарып келді. Тіпті, XX ғасырдың екінші жартысында «Қызыл террор» арқылы қартайған әріптестерін саяси сауатсыз хунвэйбиндер мен цзаофандардың қолынан қырғын таптыру саясатын жүргізген Мао Цзэ-дун «Сяо» қағидасын өрескел бұзғандығын түсініп, Конфуцийге қарсы, оның «қателері» жөнінде саяси науқан ұйымдастырды емес пе? Арасын жиырма алты ғасыр бөліп тұрған бірі өлі, бірі тірі адамның арасында идеологиялық майданның ашылғандығы да Конфуций ілімінің өміршеңдігін көрсетпей ме?
Моизм мектебінің негізін салушы Мо Дидің (б.ж.с.д. 479-391 ж.) баса көңіл аударған негізгі мәселесі әлеуметтік ахлақ болып табылады. Бұл мектептің ілімі Конфуцийге мүлдем қайшы келетін. Өйткені, оның негізінде дерексізденген жалпы сүйіспеншілік жататын. Теориялық іспен айналысу - бос уақыт өткізумен бірдей. Адамдарға керегі нақтылы дене еңбегі, оның пайдалы нәтижесін, өмір үйлесімділігін көкке тән жігер реттеп тұрады-мыс. Кейіннен Мо Дидің ізбасарлары таным мәселелеріне көңіл бөліп, ұстаздарының қош көрмеген онтологиялық сұрақтарға жауап іздеген көрінеді.
Атаулар мектебі заттар мен құбылыстардың тілде бейнелену сәйкестілігіне баса назар аударды. (Мұндай мәселе Еуропалық философияда, яғни ортағасырлық схоластикада ондаған ғасырдан кейін ғана қарастырылған - автор).
Ал, заңгерлер мектебіне келетін болсақ, онда оның назары саяси-әлеуметтік мәселелерге ауып, мемлекет пен құқықтың шығу төркінін, олардың мәнін, мақсаттылық қызметін зерттеуді қолға алған. Бұл орайда, Конфуций ілімін өткір сынға алып, өздерінің көзқарастарын жасақтаған. Бұл мектеп Хань династиясының кезеңіне сай қалыптасқан деп білеміз. Оның іргетасын қалаушылардың бірі Шан Ян: «Кім ақылды болса, ол заң шығарады, ал кім ақымақ болса, ол заңмен шектеледі. Қабілетті тәртіпті өзгертеді, ал, қабілетсіз тәртіп арқылы шырмалады. Тәртіпке шырмалған адаммен іскерлік туралы, ал заңмен шектелген адаммен өзгерістер туралы әңгімелеудің жөні жоқ» депті.
Заңгерлер мектебі тәртіп (ли), жақсылық (дэ), адамгершілік, инсандық (жэнь) категорияларын қалыптастырып, дамытқан. Дао (жол) заттар мен құбылыстардың даму тәртібін белгілейді. Олардың мазмұны қатып қалған күйде болмайды, керісінше өзгеріп отырады. Бұл орайда Инь және Янның бірлігі арқылы жүзеге асырылады.
Қоғамдағы тәртіп дегеніміз кемшіліктерді сырттай мойындау. Мұның орнына билеуші мен қоғамның арақатынасын қайтадан реттеу керек. Билеуші заң (фа) немесе өкім (мин) шығарады, алайда олар қоғамның терең қатпарларына жетпейді (увэй). Себебі олар тек марапаттау мен жазалау жүйелеріне байланысты ғана шығарылған.
Егер заң (фа) мен өкім (мин) өзгертіліп отырса, онда адамдардың да іс-әрекеті заман талабына сай өзгеріп отыруы тиіс. Өйткені, билеушінің орны көк тәңірінің қолдауымен белгіленген...
Заңгерлер мектебінің негізгі фәлсафалық тұжырымы «жаңа заманға ескі киім кигізуте болмайды» дегенге келіп саяды. Жаңа заман талаптарына сай жаңа заңдар шығарылуы тиіс. Жаңа тарихи шындық үшін басқарудың соны тәсілдері қажет. Конфуцийлік ілімнің нұсқауына ерік ескі тәртіпке қарайлай берудің пайдасы жоқ. Алайда, осы пікірдің авторы Хань Фэй, Цинь императоры Шихуанның оны қатты мойындап, қалған басқа мектептерге тиым салғанына қарамастан, өз атымен байланысты қалыптасқан қатыгез басқару тәсілінің салдарына шыдамай өзіне-өзі қол салған дейді, көне деректер.
Конфуцнй іліміне қарсы шыққан тағы да бір атаулы философиялық мектептің ілімі даосизм деп аталады. Даоның қазақшасы «жол» деген сөз.
Бұл ілімнің негізін қалаушы б.ж.с.д. VI ғасырда өмір сүрген Лао-цзы. Бұл «кәрі ұстаз» деген ұғымды білдіретін лақап ат. Ал шын аты-Ли Эр. Көне Қытай ескерткіштерінде аты аңызға айналған Лао-цзы б.ж.с.д. 604 жылы туылған деген мағлұмат бар. Бірақ көптеген Қытай зерттеушілерінің өздері бұл мағлұматтың шындығына күмән келтіреді. Лао-цзы 160-200 жыл ғұмыр кешкен деген де мәлімет бар. Ол патша сарайында тарихшы, мұрағат меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қартайып қалған кезінде Конфуциймен кездесіп сұхбаттасқан да екен. Лао-цзы өзінің ілімінде, негізінен алғанда, үш қағидаға сүйенеді, олар - дао, дэ, у-вэй. Дао - әлемдегі заттар мен құбылыстардың сапасы мен қасиеттері. Дао тек дэ арқылы белгілі болуы мүмкін. У-вэй қағидасы әрекетсіздікті білдіреді. Ол - даоға кереғар қағида. Дао - өмірдің қайнар көзі, белсенділіктің үлгісі. «Дао» - заттардың өмір сүру заңы «цимен» бірігіп, әлемнің түпнегізін құрайды. Әлемде барлығы қозғалыста болады, олар үнемі өзгеріп отырады, тіпті, осы өзгерістердің нәтижесінде заттар мен құбылыстар өздерінің қарама-қарсылығына айналып отырады. Айталық, суық жылиды, сұйық қатады, жақсылық жамандыққа айналады, т.т. Сайып келгенде, әділеттілік жеңеді, әлсіздер күшіне енеді, дейді Лао-цзы. Ол үстем таптың өктемдігіне қарсы болды, шектен шыққан ысырапшылдықты жоюға, алғашқы қауымдық өмірге қайта оралуға шақырды.
Әрине, заманындағы ғылыми танымның даму дәрежесінің төмендігіне байланысты даосизм анайы материалистік сипатта болды. Бұл ілімде алғашқы диалектикалық ой-пікірлер бой көрсеткенімен дәуір ауқымынан шығандап шыға алмады. Біздің эрамызға жақын дәуірде ежелгі Қытай жерінде қоғамдық даму тоқырауға ұшыраған еді. Үстем таптардың өзара қырқысқандары, бірнеше мемлекетке бөлінген Қытайдағы орын алған патшааралық соғыстар еңбекші халықты әбден күйзелткен болатын. Осындай жағдайларда Лао-цзы ілімі діни-мистикалық сарынға бой ұрып, бірнеше тармақтарға бөлініп кетті. Алайда, Лао-цзыдын өз басын қатты қадыр тұтқандықтан, қытайлықтар әлі күнге дейін оның аруағын сыйлап, бас иеді, жерленген зиратына мінажат етеді.

Көне Қытайдың негізгі философиялық ескерткіштері
"И цзин" - "Өзгерістер кітабы" - бүкіл Қытай мәдениетінің қалыптасуына зор әсер еткен, маңызын әлі күнге дейін жоймаған шығарма. Кейбір зерттеушілер оны қасиетті кітап деп атап, Ведалармен, Інжіл, Құранмен бір деңгейге қояды. Ғалымдардың пікірінше, "И цзин" ежелден келе жатқан бал ашу практикасымен байланысты пайда болып, даму барысында философиялық пайымдаудың негізіне айналған. Философиялық ескерткіштердің арасындағы ең көнесі болмаса да, бұл кітап Қытай философиясының бастауы болды деуге болады, бірақ оның түсінуге қиын мәтіндерінің мазмүны әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. "И цзин" 64 гексаграммалардан тұрады олардың жүйесі үнемі өзгеріп отыратын дүниенің 64 күйі мен құрылымынан тұратын, Көк - Жер - Адам қатынасын білдіретін ілімді кұрайды ден түсіндіріледі. Шығармада Қытай философиясының негізгі категориялары қалыптасқан, олар арқылы адамның өзін қоршаған ортаға деген қатынасы, кеңістік, уақыт, табиғи қүбылыстар, әлеуметтік өзгерістер туралы түсініктері бейнеленіп, Қытай қоғамының дәстүрлі көзқарастарының теориялық негізі қаланған деуге болады.
"Ши Цзин" - "Өлеңдер кітабы" 305 поэтикалық шығармалардан тұрады. Олардың қай кезеңдерде жазылғанын дәл басып айту қиын, қазіргі заманғы ғалымдар бұл өлендер шамамен біздің дәуірімізге дейінгі XI — VII ғасырларда, Қытайда философиялық мектептер әлі қалыптасып үлгермеген уақытта жазылған, кейінірек Конфуций өлеңдерді іріктеп, өндеп, өзінің философиялық ілімінде қолданған, ал оның шәкірттері Конфуций мектебінің негізгі кітабына айналдырған деген болжам айтады. "Ши цзинді" басқа философиялық мектептер де зерттеді. "Өлеңдер кітабында" Көне Қытай қоғамындағы ван, дафу, чжухоу топтарының өмірі, адамгершілік келбеті, әлеуметтік қызметі жырланады.
"Шу цзин" - "Тарих кітабы" немесе "Қүжаттар кітабы". Кітапты алғаш рет Конфуций құрастырды, кейіннен әр түрлі ойшылдар оны бірнеше рет өңдеді (олардың кейбіреулері кітапқа өз мәтіндерін де қосып, араластырып жіберген), кейбір бөліктері біздің дәуірімізге дейінгі 213 жылы кітаптар өртелген кезде отқа жағылды деген пікірлер бар. Атынан көрініп тұрғандай, кітаптың тарихи мазмұны басым, бірақ философиялық көзқарастар да (әсіресе, Конфуций мектебіне тән) Көп кездеседі. Мәтіндердің басым бөлігінің мазмұны кітаптың өте ерте, көрнекті Қытай философтары дүниеге келместен бұрын пайда болғанын дәлелдейді. Қазір "Шу цзиннің" 55 тарауы бар, олардың арасында 33 тарауының нақты "Шу цзин" кітабының алғашқы нұсқасына жататыны анықталған. Қітапта қарастырылатын негізгі мәселелер: адам және қоғам, адам және табиғат арасындағы үндестік, ата-баба салттары, Көктің адам мен қоғамға айқындаушы әсері және т.б.
Көне Қытай философиясының негізгі ұғымдары
Адамды сүю (жэнь) - Конфуций философиясының маңызды категориясы. Ең әуелі әке мен ұлдың, билеуші мен шенеуніктердің, дос адамдардың, аға-інінің арасындағы қарым-қатынастарды бейнелейді, сонан соң ғана жалпы адамдар арасындағы сүйіспеншілікті білдіреді.
Алтын орта (чжун юн) - Конфуций философиясының басты ұғымдарының бірі. Бұл жетілген мораль үлгісі, адам еш нәрседе де шектен шығып кетпеуі керек дегенді білдіреді. Мысалы, тым қызба немесе тым жай болған дұрыс емес, орташа күйді сақтауға ұмтылу керек. Конфуций бұл ұғымды ағашты мысалға ала отырып түсіндіреді. Оның жоғарғы жағында орналасқан жапырақтарға жаңбыр мен күннің әсері тез жетеді, төмендегі жапырақтарға да аса ыңғайлы емес. Ең дұрысы, ортада орналасқан жапырақ болу. Алтын ортаға жету қиын, бірақ оған жеткен адам мәнді өмір сүреді.
Асыл адам, бекзат адам (цзюнь-цзы) - адамгершілігі жоғары, жан-жақты жетілген, "алтын ортаға" жеткен, ізеттілік, шыншылдық, сақтық секілді қасиеттерге ие және басқа адамдардың адамгершіліктік жетілуіне көмектесуші адам. Конфуциийдің пікірінше, мұндай қасиеттерге мемлекетті билеуші, басқарушы адам ие. "Асыл адамдар" көбейген сайын қоғам да жақсара түседі, мемлекетті басқару да жеңілдейді. "Асыл адамдардың" үлгісі зорлық арқылы бағындырудан әлдеқайда бағалы, себебі халықта үрей, қорқыныш емес, өз басшыларына деген сенім пайда болады. Бұл ұғымға қарсы ұғым - "төмен адам" ұғымы.
Дао - Дұрыс жол, космостық және адамгершіліктік заң, Қытай философиясының басты категориясы, ол басқа категориялардың бәрін қамтиды. Дао өзінен өзі дамитын универсумнің жоғарғы принципі, барлық бар нәрселердің алғашқы бастауы, дүниенің генетикалық бірлігі ретінде түсіндіріледі: бәрі одан туындайды және бәрі оған қайта оралады. Сонымен қатар, дао универсалдық заңдылық; Қөктің өзі дао заңдарына бағынады, яғни, адам Жер мен Көк заңдары арқылы дао жолымен жүреді, адамның өмірлік мақсат-міндеті даоны игеру, яғни, дұрыс өмір сүру.
Ди - ағаны сыйлау.
Инь және Ян - этимологиялық мағынасы "төбенің немесе өзен жағасының көлеңкесі мен күнгейі" дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарастырылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкелді, Инь - дүниенің раңиональдік, “әйелдік” бастауы, Ян - бейсаналық, "ер адамдық" бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжырымдалады.
Ли - ритуал, салт, этикет.
Сяо - ата-ананы құрметтеу.
Тянься - (орысша "Поднебесная"), "Көкасты", Қытай елінің, мемлекетінің синонимі, қытайлықтар өздерін қазірге дейін осылай атайды. Көк немесе Аспан ұғымы Қытай философиясында жер бетіндегі барлық бар нәрсенің алғашқы негізі және алғашқы себебі, ең құдіретті күш. Адамдардың тағдыры мен өмірін де, мемлекет істері мен табиғат құбылыстарын да анықтаушы және реттеуші Көк, ал мемлекетті билеуші оның жердегі өкілі, сондықтан да әрбір адам Көкке табынуға міндетті.
Ци - этимологиялық мағынасы "пісіп жатқан күріштің буы" дегенді білдіреді, бірнеше мағынаға ие: белгісіз, сапасы жоқ алғашқы зат; дүниеден жоғары космостық субстанңиядан ұшып шығып жатқан нәрсе; алғашқы материалдық-элементтер-денелер, атомдар және т.б. Ци алғашында тұтасып кеткен субстанциялардан тұрды, кейінірек таза мен бұлдырға - Инь мен Янға бөлінді деген түсінік қалыптасқан.
Жалпы алғанда, Қытай философиясының негізгі философиялық категориялары тарихи даму барысында көп өзгеріске ұшырай қойған жоқ, жалпы Қытай қоғамы мен Қытай философиясы секілді салыстырмалы түрде тұрақты, консервативті болды.
Көне Қытай философиясының негізгі өкілдері
Конфуций - Кун-Фу-цзы ("Кун Үстаз") – біздің дәуірімізге дейінгі 551-479 жылдары өмір сүрген, көне Қытай философиясының ең көрнекті өкілі, ''қызмет етушілер философиясы" деген атауға ие болған философиялық мектептің - Конфуцийшілдіктің негізін қалаушы. Бұл мектеп алғашында жу - "ғалым-интеллектуалдар мектебінің ілімі" деп аталды. Озінің философиялық мектебін Конфуций өмірлік тәжірибе жинақтап, адамға қажетті алты өнерді - салттарды білу, музыканы түсіну, садақ ата-білу, күйме арба айдау, жаза және санай білу істерін меңгерген, әбден кемелденген жасында құрды деп есептеледі. Өзінің қоғамдағы рөлін Конфуций өте қарапайым бағалап, өзін жаңа ілімді жасаушы емес, көне данышпандардың (шэн) "Шу цзин" және "Ши цзин" кітаптарындағы даналығын халыкқа жеткізуші ғанамын деп түсінген.
"Лунь юй" ("Әңгімелер мен пікірлер") еңбегі Конфуций туындысы ретінде қабылданады. Оның негізгі мазмұны - мемлекет пен жеке адамды жан-жақты жетілдіру жолдарын көрсету. Конфуцийдің пікірінше, мемлекеттің жақсы болмағы оны құрап отырған адамдарға байланысты, сондықтан да жеке адамның міндеті - мемлекетке, өзіне жоғары тұрған адамға қызмет ету.
Лао-цзы (Ли Дань) - даосизм ілімін қалыптастырушы, біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларда өмір сүрген, кейінірек мифологиялық тұлғаға айналған. Қытай философиясы тарихында алатын орны ерекше. Оның ілімін зерттеушілер Лао-цзы Конфуцийдің замандасы болды, ал оның көзқарастары "Дао дэ цзин"' шығармасында жинақталған, бұл шығарманы Лао-цзының шәкірттері жазған болуы да мүмкін деген болжампікірлер айтады. Лао-цзы даоны болмыстың алғашқы себебі, мәңгілік, өзгермейтін бастауы деп түсіндірді. Адам ойлауда да, іс-әрекетінде де осы дао жолын ұстануы, яғни "у -вэймен" айналысуы қажет. "У-вэй" - "тыныш келісу" дегенді білдіреді, кейінірек "әрекетсіздік, ештеңеге араласпау" деген қазіргі мағынасында түсініле бастады.
Мо-цзы (Мо Ди) – моистер мектебінің негізін салушы, біздің дәуірімізге дейінгі 479-400 жылдары өмір сүрген. Конфуций іліміне қарсы Мо-цзы "адамды сүю" идеясын басты деп түсінді; Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі - адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі. Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Мо-цзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары "Мо-цзы" еңбегінде баяндалған.
Мэн-цзы (Мэн Кэ) - Конфуций ілімін жалғастырушы, Қытай тарихшыларының мәліметтері бойынша ол Конфуцийдің немересі Цзы Сыдың шәкірті болған. Өмір сүрген жылдары - біздің дәуірімізге дейінгі 372- 289 жылдар. Конфуций ілімін дамытып қана қоймай, оны тереңдетті және жалпы Қытай философиясыныың дамуына үлкен үлес қосты. Оның ілімінің негізі - төрт адамгершіліктік бастау: адамды сүю, парыз, салттарды орындауға ұмтылу және ақыл-даналыққа ие адам табиғатының мейірімділігі.

Қорытынды
Қытай философиясы туралы ойларымызды қорытындыласақ, өзінің маңызын әлі күнге дейін жоймаған, қазіргі заманғы Қытай мемлекетінің қалыптасып-дамуына ерекше әсер еткен, жалпы алғанда мемлекет мүддесін жеке адам мүдесінен жоғары қойып, адамгершілік мәселелерін зерттеген философия болды деуге болады. Шығыс философиясы жайында қорытып айтқанда мына мәселерге тоқталған жөн: алғашқы Қытай философиясы Конфуций мен Дао, данышпан бастаушысы Лао – Цзы төңіріндегі топталды. Егер ертедегі Үндістанда барлық философиясық ағымдар ведизммен байланысты болса, Қытайда олар Конфуций төңірегінде қалыптасты. Конфуцнй іліміне қарсы шыққан тағы да бір атаулы философиялық мектептің ілімі даосизм деп аталады. Даоның қазақшасы «жол» деген сөз.
Қытай мемлекеті қазіргі уақытта әлемдік деңгейде танымал мемлекеттердің бірі болып отырғаны күмәнсіз. Өзінің экономикалық қуатын, мәдениетін, саяси ықпалын күннен күнге күшейтіп отырған көршіміздің ұлттық болмысын, философиялық дүниетанымын, адамгершіліктік ұстанымдарын танып-білу біз үшін аса маңызды және пайдалы. Әр халықтың ішкі, нағыз мәні оның философиясы арқылы ашылатыны белгілі, сондықтан да көне Қытай философиясымен танысу, оның бастауларына үңілу қазіргі Қытай қоғамын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Бейсенов Қ.Ш . Философия тарихы Шымкент, 2005. 3-7 бет
2. Кішібеков Д. Сыдықов Ұ. Философия Алматы, 2002. 10,13-14 бет
3. Философиялық сөздік. Алматы, 1996 11,12 бет
4. Интернет www.google.kz 8,9 бет









Категория: Философия | Добавил: Maxo
Просмотров: 13499 | Загрузок: 799 | Рейтинг: 2.2/4
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

наш опрос

Оцените мой сайт

Всего проголосовало: 326

Статистика



Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0