Рекламный блок

Здесь может быть ваша реклама!
Главная » 2-КУРС » Философия

Қазақ философиясы қалыптасуы
Размер файла: [27.6 Kb] Формат файла: . 04.08.2013, 13:03
Скачать
ЖОСПАР

I. Кіріспе
II. Негізгі бөлім
а) Қазақ дүниетанымы қалыптасуының тарихи ерекшеліктері
б) Қазақы дүниетанымның алғышарттары
в) Жастардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру-философия-
ның өзекті мәселесі.
III. Қорытынды
IV. Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе
Философияның негізгі қызметі – дүниетаным. Әлеуметтік топ пен жеке тұлға – дүниетанымның субъектісі болып саналады. Дүниетанымды қалыптастыру тек жеке тұлғаның ғана емес, сонымен бірге белгілі әлеуметтік топтың, қоғамдық таптың және олардың партияларының жетілуінің елеулі көрсеткіші. Адам мәселесінің маңыздылығына байланысты бірінші орында философияның гуманистік, яғни адамгершілік қызметі тұр. Оның мақсаты адамға тән құндылық, оның қабілеттілігі, сезімі мен парасатының үйлесімді дамуы, мәдениеттілікке қатысты мінез құлықтың жоғары деңгейдегі көрінісі. Адамгершілік – адамдармен қарым-қатынаста пайда болатын ізгілік, тілектес-ниеттестік сезімі, адамдармен іштей және жалпы түрде қарым-қатынас жасау ерекшелігі. Дүниетанымның негізі – адам болу. Ал адам болу дегенге келетін болсақ, Әл-Фараби, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мұхтар секілді қазақтың ұлы ойшылдарының сөзіне мән берген дұрыс болады.
Әл-Фарабидің «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылықтылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды», Ыбырай Алтынсариннің «көңіліңді мөлдір бұлақтай таза ұста» деген ұлы сөздерін осы тақырыптың тұздығы ретінде алдым.
Дүниетаным – адам санасында дүниенің, қоғамның бейнеленуі, оны жалпы түсінуі, адамгершілік, эстетикалық, ғылыми-теориялық, құндылықтарды меңгеру. Дүниетаным болмысты тану әдісі және адам әрекетінің ерекшелігін анықтайтын өмірлік ұстанымдары.
Дүниетаным негізінде дүниеге көзқарас, яғни дүние туралы белгілі бір білім жиынтығы жатады. Мысалы, дүниетаным түрлі білімді меңгерумен бірге, күнделікті көзқарастарды меңгеру барысында қалыптасады. Көзқарас үнемі білім, ғылым жетістіктерімен, өмірлік мәселелермен толығып, жетіліп отырады.
«Жаман мінез-құлық, рухани кесел. Бұл кеселді жою үшін тән кеселін емдеуде қолданылатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуіміз керек» - дейді Ұлы ойшыл Әл-Фараби. Ал Абай Құнанбаев: «күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – зұлымдық» - деп адам болудан аластататын нәрселерді ашып көрсетеді.
М.Әуезовтің қазақтың дүниетанымы мен рухани дүниесінің ерекшелігін айтқанда, жазушы ғылымның қазақ әдебиетінің арна басы, халықтың ең қымбат тарихи ескерткіші деп бағалаған қазақ эпосы мен фольклоры туралы зерттеу еңбектерінің орны айрықша. Халхымыздың рухани мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан М.Әуезовтің «көркем өнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді» деген сөзі адам болуда маңызды рөлге ие.
Біз қарастырған ұлағатты сөздердің қайсысының да түбінде терең философиялық мән жатыр. Ол мән – философияның, дүниетанымның негізгі қызметі адамгершілік, адам болу.

Қазақ дүниетанымы қалыптасуының тарихи ерекшеліктері
Ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақтар ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін, бұл мұра өте қарқынмен дами отырып, әр қилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті.
Осы рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық ойлау элементтерінен бастап, қазіргі замандағы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті философия тарихы мол орын алады. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы-диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, моралдық мәселелермен адам туралы ілімдерді, күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттауы, т.б мәселелер болды.
Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, айтыскерлер мен ертекшілер, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын тілге тиек етіп, әртүрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады. Олар шынайы реализм, білімнің негізгі жақтары, мемлекет, қоғам, жеке адам мәні.
Осы аталған көзқарастар сыңаржақтыққа, консерватизмге, тоқыраушылыққа, қазақ халқының прогрессивті дамуына кедергі болатын басқа да кемшіліктерге қарсы бағытталады. Бұл да қазақ дүниетанымының қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшелігі.
Қазақ дүниетанымдық ойының тағы да бір ерекшелігі деп оның шынайы патриотизмін, халқына сүйіспеншілігін, оның бақыты, мүддесі және болашағы үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз қадірінше анық, жан-жақты көрсете білуі дер едік.
Бұл айтқандардан қазақ философиясы басынан-ақ аяғынан тік тұрған, бірден қалыптасып кеткен жүйе деген пікір тумаса керек. Біртұтас көзқарас, дүниені жан-жақты танып білу, оның заңдылықтарын, таным процесін, әлеуметік мәселелерді дұрыс түсіну, ойлау түрлерінің жүйесін анықтау – ол соңғы ғасырлардың үлесіне тиеді. Дегенмен, халықтың жыраулық, ақындық шығармашылығында қоршап тұрған табиғат пен әлеуметтік орта туралы ойлаудың біршама жиынтығы болды. Негізінен, кездейсоқтық, жүйесіздік сипатына қарамастан, онда адамдардың бай практикалық өмірін, халық даналығын көрсететін философиялық мән бар еді. Ойлау тәсілі ерекше, шығармашылық жолы мен шығармалардың сақталуы ауыз мәдениетіне сай, тез жаттап алу, жоғалтпай, «ұрламай» жеткізу – бұл философия тарихындағы ғажап құбылыс.
Халқымыздың өмірін бейнелеген, адамдардың түйсігін, ойларын, өскелең талабын көрсете білген фольклорда объективті шындықтың элементтері бар. Халық эпостары, ертегілер, аңыздар, лирикалық-тұрмыстық поэмалар, мақалдар мен мәтелдер – адамдардың табиғи және әлеуметтік құбылыстарды, саяси-экономикалық жағдайларды, ізгілік мақсаттарды өз уақытында сәйкес танып-білуінің куәгерлері. Ауызша халық мәдени ескерткіштерімізді зерттеу халқымыздың танымдық, әлеуметтік-саяси, адамгершілік-тәрбие және дүниеге көзқарас ерекшеліктерін білуге көмектеседі.
Табиғи және әлеуметтік өмірді тікелей бейнелеу, дүниенің құрылымы, оның жасырын күштері туралы тұрпайы түсінік – бұл қазақ дүниетанымының бастапқы кездегі деңгейі еді. Ол кезде жүйелі және негізделген көзқарас болған жоқ, сондықтан да философияның басты бағыттары да айқындалмаған еді.
Қазіргі кезде тарихи-философиялық ғылымның көптеген халықтардың философиялық мұраларын зерттеген тәжірибесі ұлттық дүниетанымның қалыптасуы, дамуы және қазіргі кездегі бағыттары туралы, оларды зерттеудің теориялық және әдістемелік мәселелері жөнінде жинақталған жалпы ойларды тұжырымдауға кең мүмкіндіктер береді.
Қазақ дүниетанымының тарихы – халық тарихының ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Онда ғылыми таным процесі мен халықтың идеялық ізденістері, бай тарихы мен ұлттық ойлау айшықтары көрініс тапқан. Қазақ дүниетанымы – халқымыздың тарихын жан-жақты түсіну үшін үлкен негізгі және әдістемелік құрал. Ол қоғамдық сананың басқа түрлерімен тығыз байланысты. Сондықтан оны зерттеп, үйренбейінше, қазақ ғылымының тарихын, саяси идеологиясын, өнерін, әдебиетін, адамгершілік қағидаларын, діндарлығын пайымдау мүмкін емес. Халықтың ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз қоян-қолтықтасқан қазақ философиясы ғылыми құндылығымен қатар, жоғары азаматтық қасиетімен, әлеуметтік әділеттілікке жету жолдарын тікелей іздеуге атсалысқандығымен, өзінің жемісті жетістіктерімен ерекшеленеді.
Дүниетанымның пайда болуының тарихи алғышарты – миф. Мифологиялық көзқарас пен табиғат және қоғам туралы жаңа дамып келе жатқан ғылым элеметтерінің арсындағы қайшылықтарды шешу философияның пайда болуының жолы деген де қалыптасқан тұжырымдар бар. Философия мифке тән, дүниеге тұтас көзқарастың бағытын қарауға тырысады. Соның негізінде не мифологиялық, не аллегориялық-көркем, не символикалық-діни, не нақты-ғылыми ойлау, бірақ олардың әрқайсысынан қабылданған түрлеріне сыймайтын, жаңа түсініктегі ойлау нысандарын құрайды. Қазақтың ұлттық дүниетанымының пайда болуы туралы тек ойшылдардың дүниеге көзқарасы жалпылықты, көзқарастың әмбебап принциптерін немесе «бастауларды» анықтаудағы заңды бағыттары болған кезде ғана айтуға болады. Діни-мифологиялық тұжырымдар әдет-ғұрып пен беделге бой ұрса, философия заттар мен құбылыстардың, оқиғалардың мәнін ашуға, пікірсайыс ретінде қолданылатын рационалды ойлауға, дүниені танып-білудегі қайшылықтарды аңғару мен шешуге тырысады. Бұл әрекет адамның жан-жақты ойлау және оның интеллектуалдыинтуициясымен бірегей қабысуы нәтижесінде туады.
Ислам дүниетаным ғана емес, адамгершілік туралы ілім де болып табылады. Ислам Қазақстанның, Орта Азияның көптеген халықтарының, шетелдік Шығыстың бүтіндей бірқатар елдерінің ізгілікті дамуына ықпал етті және ықпал етіп келеді. Жалпы исламның этикалық ойы исламның өмір сүру тәртібін анықтайтын идея ретінде осы дін пайда болғаннан бері өмір сүріп келеді. Бірақ теологиялық-этикалық жүйе түріндегі бұл ойдың қалыптасуына мұсылманшылықтың негізгі деректері – Құран мен Сунна көрініс табатын мұсылмандардың моральдық қалыптары жинағы өтті. Исламдық этикалық ой сүрелер мен хадистерге идеялық бағдар ретінде сүйене отырып, мұсылман қоғамының тәрбие принциптеріндегі қажеттіліктерін өтей алды.
Қазақ мақалдарында қайырымдылықтың зұлымдықпен күрес мәселесі үлкен орын алады. Халықтың қолдайтын барлық жүріс-тұрыс нормалары мен принциптері, жағымды бағаланатын адамгершілік әрекеттердің барлығы қайырымдылық болып табылады. Ал халықтың кінәлайтын әрекеттері мен қылықтарының барлығы, адамның өоғамдық және жеке өміріне нұқсан келтіретін нәрсенің бәрі зұлымдық тболып табылады. Сонымен қатар қайырымдылық ақылмен және біліммен байланыстырылады, адамгершәләк өмірде үлкен мәнге ие болып, зұлымдыққа қарсы күресте маңызды құрал ретінде бағаланады.
Қазақтың халық даналығы адам абыройын түсіретін моралдық принциптерді қатал айыптайды. Және керісінше , батырлық, патриотизм, төзімділік сияқты жағымды адамгершілік қасиеттер бағаланады. «Ер» түсінігі туралы мақал-мәтелдер өте көп. Мысалы, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді». Мыңжылдық тәжірибеден туындаған «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген даналықты айту үшін қазақ халқы небір қиын-қыстау күндерді бастан өткізді. Көшпенділердің кең пейілділігі мен қонақжайлылығы мына мақалдан көрініс табады: «кездескен адамығды сыйла, мүмкін оны соңғы реткездестірген шығарсың».

Қазақы дүниетанымның алғышарттары
Рухани бастау дегеніміз не? Біз өз зерттеуімізде оны қай қырынан қарастыруға тиіспіз? Ал осы сұраққа философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сейтимов Айбар Ғалымұлының пікірін қарастырайық: рухани бастау біз үшін, біріншіден, сомдалушы образды және бейнеленген объектіні жасауға және субъективті қабылдауымызға көкейкөз қызметін атқаратын ішкі дүниемен байланысты нәрсе деп ұғынуымыз керек. Себебі, ғасырлар бойы қалыптасқан адам бойындағы атадан-балаға тәрбие арқылы, тұрмыс, әдет-ғұрып, салт-жора және ең бастысы табиғи – биологиялық жолдар арқылы берілетін қасиеттер біздің рухани дүниемізде ешқандай рөл атқармайды деп айта алмаймыз. Керісінше, ол адам бойында жарасымды қалыптасқан жағдайда, жасанды емес табиғи болмысқа айналған жағдайда жетекші күшке айналады. Адам бойындағы білім мен тәжірибе, ақыл, сана болмысы – осы табиғи арнаны толтыратын, толтырып отыратын игілік.
Екіншіден, рухани бастау уақыт пен кеңістікте қалыптасқан ұлттық белгілерге ие этностың табиғи алғышарттары тудырған дүниетанымдық көзқараспен тікелей байланысты. І.Ерғалиев пен Ғ.Тілебаев: «Дүниетаным дегеніміз адамның дүниеге деген рухани қатынастарының негізі болатын және солардың бәрін жалпылама қамтитын, адам мен әлемнің саналуының арақатынасын білдіретін ұғым. Адамның дүниемен байланысы, оны тануы белгілі ұлттық жағдайда қалыптасатындықтан, дүниетанымның ұлттық белгілері болады», -деп анықтама береді.
Дүниетаным өте ауқымды түсінікті қамтиды. Оған әлемді қабылдау, қарастыру, түйсіну, елестету, ұғыну, меңгеру, тану секілді күнделікті айтып, қолданып жүрген түсініктер ұғымында классификация жасауға болады. Оның өлшемі де кең көлемді қамтиды: тарихи-хронологиялық, гносологиялық, әдіснамалық, интеллектуалды-жекелік, ғылыми-танымдық, қоғамдық-әлеуметтік, философиялық-онтологиялық, әлемдік-өркениеттік. Жаңа ғасырдың басында тұрып әлемдік дүниетанымдық масштаб әлі де «жұқа материя» күйінде отырғандығын, оның кең көлемді кенептегі суреті әлі де болса жасалмағандығын байқаймыз.
Жеке адам үшін дүниетаным айқын әлеуметтік статус алған гносемәдениеттің жоғарғы иерархиялық құрамы болып табылады. Сонымен бірге жетілмеген қоғамдық санада дүниетаным феноменінің пайда болуы және қалыптасуына қолайлы жағдайдың жасалуы мүмкін емес.
«Егер мейлінше жалпылай қарасақ, философия адамзат мәдениеттің, оның дүниетанымдық әмбебаптылығының түпкі негізінің рефлекциясы. Бұған бақсақ, философия адамдар үшін міндетті емес, тек оның тіршілігін қалыптастыратын, әмбебап дүниетанушылық қана қажеттілік екендігі белгілі. Философия тек мәдениеттің күйзелу кезеңдерңнде ғана қажет. Ол кезде мөлдір, айқын даналық әдістері қажет болады. Ал, дәстүрлі салыстырмалы түрде жай дамитын мәдениетке тура философиялық емес қалыптағы даналықтың өзі керек».
Көркем дүниетанымның ұлттық белгілері болса, бұдан екі нәрсе туындауға тиіс. Біріншіден, ол этностың сипаттық ерекшелігін анықтайды. Екіншіден, осы сипатқа ие дүниетаным формалары қалыптасады. Дүниетаным формалары ішкі бірлікпен, біртұтастылықпен анықталса, ол рауажды сипатқа ие, ал ажыраса, онан алшақтап кетсе, ұлттық бірлік өлшеуімен қарастырғанда дисгармонияға ұшырайды.

Жастардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру – философияның өзекті мәселесі.
Дүниетанымның қалыптасуы-әлеуметтік педагогикалық мәселе. Оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуы теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызы орасан зор. Дүниетанымның қалыптасуы көп қырлы, үрдіс, сондықтан педагогика ғылымында бұл мәселеге түрлі көзқарастар бар.
Ғылыми дүниетаным – қоғамдық сананың жалпы, ең жоғарғы формасы. Табиғат, қоғам, адам ойының дамуының мәні мен заңдылықтарына түсінік беретін дүниетанымдық идеялар жиынтығы оқушы санасында көзқарас, сенім, болжам-ой, аксиома, әр түрлі табиғи және қоғамдық үрдістер мен құбылыстар түсіндірмесінің ғылыми негізін құрайтын кез келген адамның жетекші идеялары мен негізгі ұғымдары ретінде қалыптасады.
Дүниетаным көп қырлы, өте күрделі психикалық құрылым. Оның ұйтқысы теориялық ойлау, жоғары зияттық, яғни интеллектік сезімдерді білдіру, саналы мақсатты ерік-жігердің қабілеттілігімен үйлесімді көзқарастар мен сенімдер.
Ғылыми педагогикалық тұжырым жеке тұлғаның қоғамдық қатынастар, іс-әрекет, қарым-қатынас жүйесіндегі дүниетанымдық сана, сезім, ерік пен жігердің тұтас қалыптасу идеясынан бастау алады.
Философия мәні «дүние – адам » мәселесі туралы ойлар. Философия екі құбылысқа негізделеді: бүтін дүние және адамның осы дүниеге қатынасы; таным ұстанымдарының кешені, таным әрекетінің жалпы әдісі. Осыған орай, философияның дүниетанымдық және әдіснамалық басты екі қызметі анықталады.
Философияның дүниетанымдық қызметінің бірі - әлеуметтік аксиология; құрылымдық-құндылықтық, түсіндірмелік және сындарлық болып бөлінеді. Құрылымдық – құндылық қызметінің мазмұны – Жақсылық, Әділеттілік, Шындық, Сұлулық сияқты түсініктерді талдау. Сондай-ақ, оған әлеуметтік арман-мұрат туралы түсінікте жатады. Қоғамдық арман-мұрат деке тұлғадан басталады. Бұл арман-мұрат адамгершілікке негізделеді.
Жеке тұлғаның дүниетанымы жалпы білімді, оның құбылыстарын тану мен бағалау және шешім қабылдау үшін пайдалана алу біліктерін білдіреді. Жеке тұлғаның дүниетанымы: заттық-мазмұндық, психологиялық және сезімдік-жігерлік категория.
Қажымас ерік-жігер – дүниетанымның маңызды құрамы. Сенім адамды әрекетке итермелейді. Ғылыми дүниетаным теориялық санамен ғана шектеліп қоймай, тәжірибеде сана мен жігерді іс-әрекетпен біріктіреді.
Дүниетанымның құрамды бөлігі ретінде теориялық ойлау – адамның білімді, болмыс құбылыстарын шығармашылықпен ұғынуы, дүниетанымды мейлінше жетілдіріп, ерік-жігерді, сенімді іске асыруға бағыттаудың қабілеті.
Ұлттық көзқарасты қалыптастыратын тарихтан басқа, рухани көркем туындылар ұлттық мүддені алдыңғы қатарға шығарып, ұлттық танымға қызмет етуі тиіс.
Отбасына деген құндылық көзқарас, яғни отбасы – бақыт бесігі, ұрпақтарының өсіп-өнуін, болашақтағы ұрпақтарының жалғастығын, ойлау орын алса, қазір бұл құндылықтар да әлсіреуде. Демек, отбасы институты өзгеріс үстінде. Қазақстанда қазақ ұлтын көбейту мәселесі бүгінгі қоғам алдындағы басты мақсат болып тұр. Отбасында тәрбиеленіп келе жатқан ұрпақты ұлттық мұрат негізінде тәрбиелеу керектігі, бүгінгі маңызды мәселелердің бірі.
Сондықтан да, отбасындағы ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынас мәдениетін арттыру, ондағы ұлттық дәстүрді сақтау мәселелері де өте маңызды.

Қорытынды
Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» - деген өлең жолы – қорытынды бөлімнің ауызашары.
Адамның тұлға ретінде қалыптасу үрдісінде өскен ортаның, тәрбиенің рөліне үлкен мән бере отырып, ұлы ақын Абайша айтқанда әркімнің өзін-өзі жүйелі түрде тәрбиелеп отыруына көңіл бөлу керек. Осы ой Абайдың он бесінші қара сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір - өзіңнен есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей өткізіпсің. Жоқ, болмаса, не қылып, өткізгеніңді өзің де білмей қалыпсың?». Бұл арқылы ақын әркімнің өзін өзгелердің көзімен қарап, істеген ісіне талдау жасауға, өзінің іс-қимылына, өзіне-өзі баға беруге, өзін-өзі тексеруден өткізуге үндейтіндігі хақ.
Адамның тұтыну мүмкіншіліктері жайлы толғана келіп Абай, бұл мәселеде қанағатсыздыққа ұрындырмайтын мөлшер, шамадан асып кетпеу, керектігін өсиет етеді: «Әрбір жақсы нәрсенің өлшемі бар, өлшемінен асса жарамайды. өлшемін білмек – бір үлкен керек іс... Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшемі бар». Ал, сол өлшемнің шамасын қалай анықтауға болады. Ақын пікірінше, оның тарзысы ұяттылық пен арлылық. Осы сезім бар жерде адам қанағатшылдық пен кісіліктің тізгінін айырылмақ емес деген ойға жүгіндіреді.
Қазақ мақал-мәтелдеріндегі адамгершілік-этикалық идеяларға үстірт шолу жасаудың өзі Қазақстандағы этикалық ой халық даналығының тереңдегі таусылмас қайнар бұлағынан нәр алатын бай адамгершілік материалға негізделгенін көрсетеді. Қазақтың ақын-жыраулары ойдың асыл інжу-маржандарын осы мақал-мәтелдерден алып отырды. Көпғасырлық халық даналығы адамгершілік-этикалық идеяларға толы. Тарихтың бүкіл өн бойындағы өзара қатынастарды реттеп отыратын адамгершіліктің қарапайым нормалары бүкңл халықтың жинақтаған тәжірибенің нәтижесі мен қорытындысы болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қ.Жарықбаев «Ақылдың кені» ұлағатты сөздер, Алматы, 2008
2. Ж.Алтай, А.Қасабек, Қ.Мұхамбетәли «Философия тарихы»,
Алматы, 1999
3. Т.Ғабитов «Философия» оқу құралы, Алматы, 2002
4. Саясат журналы, №7, 2008
5. Евразиские сообшение журналы, №2, 2010
6. Философия мұрасы, 20 том
7. С.Мырзалы, «Философия», Алматы, 2008









Категория: Философия | Добавил: Maxo
Просмотров: 9343 | Загрузок: 554 | Рейтинг: 2.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]

наш опрос

Что больше нужен для сайта?

Всего проголосовало: 375

Статистика



Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0