Ғылым және технология дамудың шырқау шегіне шыққанына және адамзат бірін-бірін оңайлықпен тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптарды бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. Хақ дін Исламды да шарпып өтетін осы мәселенің мән-жайы хақында өзімнің ойларымды былайша түсіндіргім келеді.
Исламият адам және табиғат жаратылысымен толық санасатын, адамның тумысынан пайда болған қажеттіліктерін жауыз санамайтын, оларды дұрыс һәм қажетті деп көретін нағыз орта жол. Мәселен, үйлену, жеп-ішу, жұмыс істеу, байлық тілеу, меншік жинау, араласу, ғылым іздену, тазалық, жыныси қажеттер т.т. осылардың күллісі де жұмыр басты пенденің бәріне қажетті нәрселер. Ислам жыныстық қатынасты шектемейді, не болмаса дін жолында жүрмек болғандар үйленбесін, жанұялы болмасын демейді, қайта, үйленуді, балалы-шағалы болуды, жанұя мен қоғамды сақтауды насихаттайды. Тек, адамның жаратылысымен пайда болған әр түрлі қажеттіліктерін халал жолмен табуды, қанағаттандыруды бұйырады. Сондықтан, зинақорлық, өсімқорлық, маскүнемдік, нашақорлық сықылды жат қылықтарды лағынеттейді.